Түркі халықтарының тарихын баяндайтын "Глазами истории" ("Тарих көзімен" деген мағынада) YouTube-арнасының авторы Айбек Әбдірахманов Қылмыстық кодекстің 174-бабы бойынша (әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни араздық қоздыру) осыдан төрт ай бұрын, ақпанда қозғалған істе қорғалуға құқығы бар куәгер екенін жақында шетелге ұшайын деп әуежайға барған кезде бір-ақ білген. Бұл іс бойынша тергеуді Астана қаласының полиция департаменті жүргізіп жатыр.
– Екі күннен кейін сонда бардым, мені қарсы алған тергеуші: "Сіз неге русофобиямен айналысып жүрсіз? Қазақ тарихы туралы арнаны неге аштыңыз?" деді. Ол кезде менде бұл іс насырға шабады деген ой болған жоқ, – дейді Айбек Әбдірахманов.
Әуесқой тарихшы өзі бастаған "Глазами истории" YouTube-арнасында түркі халықтарының, соның ішінде қазақ халқының тарихына байланысты, әсіресе совет билігі тұсындағы ақтаңдақ беттерінің құпиялары мен әдейі бұрмаланған тұстарының шындығын ашуға қатысты түрлі деректерді жариялап жүр. Ол тарих тақырыбына неліктен аңсары ауғанын түсіндіріп, айтып берді.
– Бұл арнаны халықты ағартайын, оларды шабуылдардан қорғайын деген шынайы ниетпен аштым. "Сендерде жазу болмаған, мемлекет болмаған, жабайы болғансыңдар, өркениет болмаған" деп, халқымызды қорлап, қадір-қасиетімізге, ар-намысымызға тиетін сөздер үнемі айтылады. Бізді кемсітетін сөздерді бала күнімізден естіп өстік қой. Ал мен тарихи шындық басқа екеніне түрлі деректер мен дәлелдер келтіріп, міне, көріңіз, мынау – 2000 жыл бұрынғы ғұн жазуы, мынау – Түрік қағанатының жазуы, ал мына бір нәрсе – Түрік қағанатының теңгесі деп, сыпайы жауап бердім. Мұның бәрі – біздің төл тарихымыз. Олар осыларды көріп ойланар, біздің халықты қорлауды тоқтатар деген үміт болды. Ұлтаралық араздық қоздыру дегенге келсек, шын мәнінде ұлтаралық араздықты нақ солар тұтатып отыр, ал мен керісінше, оны сөндіруге тырыстым, – деді Айбек Әбдірахманов.
Қылмыстық іске ілік болған жазбалар
Қылмыстық кодекстің 174-бабы бойынша (әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни араздық қоздыру) іс қозғауға "Глазами истории" YouTube-арнасында жарияланған видеолар емес, оған жазылған пікірлердегі орыс ұлтына тіл тигізетін сөздер ілік болған.
Әбдірахмановтың айтуынша, полиция оның 6 видеосы мен 7 жазбасын, ондағы пікірлерімен қоса сараптамаға жіберген. Филолог, психолог сарапшылар арна авторының сөздерінен ұлтараздық қоздыру белгілерін таппаған. Ал саясаттанушы сарапшы болса "Әбдірахмановтың жазбасы мен видеолары адамдарда орыс ұлтына жеккөрініш сезім туғызды, бұл русофоб пікір саналады" деген қорытынды шығарған.
Әбдірахмановтың қорғаушылары сараптаманың дұрыстығына күмән келтіріп отыр.
– 174-бапта белгілі бір көзқарастарды, бұрмаланған не көпе-көрнеу жалған мәліметті насихаттап, қоғамдық санаға әсер ету арқылы манипуляция жасау сипатындағы әрекеттер қарастырылған. Ал бізге 30 мамырда берілген қорытындыда, ешбір сарапшыға – саясаттанушыға да, филологқа да "үшінші тұлғалардың пікірлерінде насихат белгісі бар ма?" деген нақты сұрақ қойылмаған. Ал ол – қылмыстық іс қозғау үшін басты нәрсе, өйткені әдейі бұрмаланған не жалған ақпаратты насихаттау белгісі болғанда ғана адамды жауапқа тартуға негіз болады, – деді адвокат Серікқали Мусин.
Мусин тергеу ісіне ілік болған "пікірлерді үшінші бір тұлғалар жазғандықтан оған Айбек Әбдірахмановтың еш қатысы жоқ, сондықтан 174-бап бойынша оған айып тағуға негіз жоқ" деп есептейді.
"Глазами истории" YouTube-арнасына байланысты іс қозғауға себеп болған арызды кім жазғаны, күдікті мен куәгер кім, неше адам екені әзірге белгісіз.
Адвокаттар өздерін тергеуші ақпанда қозғалған іс материалдарымен әлі күнге таныстырмай, тергеуді созып жүр деп мәлімдеді. Астана қаласы полиция департаментінің қызметкері "тергеу деректері жария етуге жатпайтынын" айтты.
– Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етілмеуге тиіс. ...Егер тергеп-тексеру мүдделеріне қайшы келмесе және басқа тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзуға байланысты болмаса, прокурордың рұқсатымен қандай көлемде жария етуге рұқсат деп танылса, сондай көлемде жария етілуі мүмкін. Сол себепті сізге ешқандай жауап бере алмаймын, – деді Астана полиция департаментінің тергеушісі Дархан Нұртай Азаттық тілшісіне.
Тарихтың ақтаңдақтарын ашуға талпынған арна
Астана қаласының тұрғыны Айбек Әбдірахманов "Глазами истории" YouTube-арнасын 2018 жылдан бері жүргізіп келеді. Осы уақытқа дейін арнада 400-ге жуық видео жарияланған.
Хабарларын орыс тілінде дайындайтын автор кәсіби тарихшы емес, бірақ өткенге үңіліп, түрлі деректерді сөйлету арқылы халық тарихын түгендеп, шындығын қалпына келтіруге талпынып жүрген жан, деп сипаттайды оны білетіндер.
Айбек Әбдірахманов бір кездері Ресей империясының қоластында болған түркі халықтарының, әсіресе қазақтардың тарихын зерттеп, насихаттаумен айналысады. Қазір оның "Глазами истории" YouTube-арнасына 260 мың қолданушы тіркелген.
Әуесқой тарихшы өз арнасында өткен ғасырдың бірінші жартысында қазақ даласында болған ашаршылық, саяси қуғын-сүргін, Алаш қозғалысы, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы сияқты тарихтағы күрделі кезеңдер туралы баяндайды. Бұған қоса, адамзат тарихында түркі халықтары құрған мемлекеттер, олардың өркениетке қосқан үлесі, жаулап алған аумақтары жайлы да видеолар жариялаған.
"Глазами истории" арнасының авторы Совет одағы кезінде бұрмаланған немесе мүлде айтылмаған тарихи деректерді халыққа жеткізуді мақсат тұтады. Оның айтуынша, арнаны ашудағы басты мұраты – қазақ пен жалпы түркі жұртының шынайы тарихына өзгелердің қызығушылығын ояту.
Видеоларына жазылған пікірлерге қарағанда, "Глазами истории" YouTube-арнасын Қазақстаннан бөлек, Өзбекстан, Қырғызстан, Татарстан мен Башқұртстанда тұратын адамдар да көріп-тыңдаған. Бұл арнада айтылған ақпараттар жайлы кәсіби тарихшының пікірін сұрадық.
– Айбектің әрбір сөзін, мысалы, көрген, тапқан архивтермен салыстырып отырамын маман ретінде. Сонда Айбектің барлық ойы дұрыс, әділетті, ешқандай ұлтаралық сезімді қоздырмайды. Бұл – анық. Бірақ неге бұлай болды деген сұрақ туады. Менің ойымша, бұның бір себебі, баяғы Ресей империясы кезінде, содан кейін кеңес дәуірінде біздің саяси мәдениетімізді тәрбиелемеді ғой, бар айтатыны – "таптық күрес", "орыстың арқасында күн көрдіңдер, сендерге қала салып бердік", т.т. жартылай шын, жартылай өтірік әңгімелер көп қой. Бізге салып берген орыс емес, совет халқы шығар, шындығын айтар болсақ, бірақ дәл солай Ресейге де салып берді. Кім қалай салып берді дегенді айтудың өзі ұят. Бірақ сондай адамдар Айбектің чатына кіріп алып, әңгімені қоздырып жүр ғой. ...Солар жабылып, Айбектің үстінен іс қозғатып, соңына түскен сияқты, – деді тарих ғылымдарының докторы Бүркітбай Аяған.
Қазақстанда былтыр ұлт араздығын қоздыру бабымен 111 қылмыстық іс қозғалған, биыл алғашқы 5 айда 73 қылмыстық іс тіркелген. Құқық қорғаушылар елде 174-бап саяси қуғын, қысым мақсатында қолданылады деп біледі. Ресми Астана болса ондай сөз негізсіз деген уәж айтады.
ПІКІРЛЕР