Accessibility links

Қазақстанда үшінші АЭС-ті де Қытай салмақ. Үкіметтің көздегені не?


Қазақстанда үшінші АЭС-ті де Қытай компаниясы салмақ. Азаттық сауалына премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр осылай деп жауап берді. Бұған дейін бірінші станцияға Ресей, екіншісіне Қытай компаниясы жетекшілік ететіні хабарланған. Қазақстан неге Қытайға екі бірдей станция салуды табыстамақ? Оның қандай саяси астары бар?

Қытай Қазақстанда бір емес, екі атом электр станциясын салуы мүмкін. Мұны 31 шілде күні Азаттық тілшісінің сұрағына жауап берген вице-премьер Роман Скляр мәлімдеді. Бірақ станция салынатын жер әлі белгісіз.

— Қазір біздің Атом энергетикасы агенттігіндегі және "Атом электр станциялары" ЖШС-дағы әріптестеріміз станция салатын жерді анықтап жатыр. Станцияның жанында міндетті түрде тұрақты су көзі болуы керек. Сондай-ақ электр энергиясын беру аймақтары да белгіленуге тиіс. Олар осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Бұл жұмыс та жақын арада аяқталады. Менің ойымша, осы жылдың ішінде бұл станциялар қайда салынатыны жарияланады. Қазір тиісті келісімдер қаралып жатыр. Бұл жөнінде де жарияланады. Мұнда ешқандай құпия жоқ, — деді Скляр үкіметтегі баспасөз мәслихатында екінші және үшінші станцияны Қытайдың бір корпорациясы салатынын нақтылап.

Маусым айында Қазақстанда бірінші АЭС-тісалатын консорциумды Ресейдің "Росатом" компаниясы, ал екінші станцияны салу бойынша консорциумды Қытайдың CNNC корпорациясы басқаратыны хабарланған. АЭС салуға "Росатом" мен Қытай корпорациясынан бөлек Франция және Оңтүстік Корея компаниялары қызығушылық танытқан. Дегенмен Астана таңдауы елге экономикалық ықпалы басым, ең негізгі сауда серіктестері – Ресей мен Қытайға түскен. Премьер-министрдің орынбасары осы алғашқы станция құрылысы мемлекетаралық келісім негізіндегі несие арқылы қаржыландырылады дейді. Бірақ оның шарты, пайыздық мөлшерлемесі қандай болатыны әлі анықталмаған.

— Бұл мәселемен айналысатын арнайы Атом энергетикасы агенттігі бар. Станцияның нақты құны техникалық-экономикалық негіздеме мен жобалық-сметалық құжаттама әзірленгеннен кейін белгілі болады. Қазіргі кезде оның құны туралы айту әлі ерте, қандай баға болатынын нақтылау қиын. Мен дәл қазір қате ақпарат бергім келмейді. Үкіметаралық келісім, болашақ әріптестік формасы жөніндегі барлық мәселелер қазіргі уақытта Ресей тарапымен келісіліп жатыр. Кейін бұл құжаттар ратификация үшін Парламентке жіберіледі және шешім сол кезде қабылданады. Сол кезде ғана баршаға толық ақпарат белгілі болады. Қазір келіссөз жүріп жатқандықтан қандай да бір нақты пікір айту ерте, — деді Скляр.

Үкіметі биыл ақпанда елдегі бірінші атом электр станциясы салынатын орын ретінде Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Балқаш көліне жақын жер ресми түрде бекітілгенін жария еткен. Ал АЭС салу туралы шешім былтыр қабылданған. Елде референдум өткізіліп, Орталық референдум комиссиясы дауыс берген азаматтардың 71 пайызы Қазақстанда АЭС салуды қолдады деп жариялады. Азаматтық қоғам өкілдері референдумда бірқатар заңсыздықтар болғанын, оған дейінгі қоғамдық талқылауларда сын пікір айтқандарға кедергі жасалғанын мәлімдеген.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр АЭС-ті халықаралық консорциум салатынын айтқан. Елде атом электр станциясын салуы мүмкін компаниялардың қысқа тізіміне Ресей мен Қытай корпорацияларына бөлек Оңтүстік Корея мен Франция компаниялары да енген. Билік бұл таңдауда саяси астар жоғын, үміткерлердің ұсынысы мен техникалық мүмкіндігі басты назарда екенін айтқан.

Елде АЭС салуға қарсы топ Балқаш көлінің экологиялық жағдайына, қауіпсіздігіне алаңдайды. Үкімет дерегінше, екінші АЭС Абай облысындағы Курчатов қаласында салынуы мүмкін.


"Энергетикалық тәуелсіздіктен айырыламыз"

Қазақстанда бұған дейін азаматтық қоғам өкілдері мен кейбір саясаттанушылар АЭС-ті Ресей салатын болса, Қазақстан Кремльге энергетикалық және саяси тәуелді болып қалады деп алаң білдірген. Кейін екінші АЭС құрылысына жауапты ретінде Қытай компаниясы таңдалғаны көп векторлы саясат тұрғысындағы шешім деп қабылданған. Енді үшінші АЭС-ті де Астананың таңдауы Қытай ұлттық ядролық корпорациясының түсуінің қандай саяси астары бар деп саясаттанушы, "Тәуекелді бағалау тобының" жетекшісі Досым Сәтпаевтан сұрадық.

"Тәуекелді бағалау тобының" жетекшісі Досым Сәтпаев
"Тәуекелді бағалау тобының" жетекшісі Досым Сәтпаев

— Мұның негізгі себебі, ең алдымен, экономикалық сипатта болуы ықтимал. Склярдың үшінші АЭС-ті Қытай салуы мүмкін деген мәлімдемесі Ресейдің Қазақстанда 3 жылу электр орталығын салмайтынын жария етуімен дөп келді. Бұл да ірі жоба еді. 2024 жылы Ресей Қазақстанда осы үш жылу орталығын қаржыландырып, салуға келіскен болатын. Құны шамамен 2 млрд доллар еді — үлкен жоба үшін онша қымбат емес. Бірақ іс жүзінде Ресей бұл жобаларды қаржыландыра алмайтыны анықталды, — дейді ол.

Сарапшы өз сөзіне мысал ретінде Түркиядағы АЭС құрылысын келтірді. Оны да "Росатом" салып жатыр. Жуырда сол станцияда еңбек ететін жұмысшылар жалақы төленбегенін айтып наразылыққа шыққан. Саясаттанушының айтуынша, бұл жағдай Ресей өз мойнына алған міндеттемелерді толық орындай алмай отырғанын көрсетеді.

— Росатом салатын бірінші АЭС құны шамамен 14 миллиард доллар деп айтылған. Үкімет бұл сома нақты емес, техника-экономикалық негіздемесі дайын болған соң анықталады деп сендірген еді. Бұл қаржы мемлекеттік бюджеттен емес, басқа көздерден алынады деп жұбатқанымен, бәрібір бұл өте қымбат жоба. Қытайға келсек, ол АЭС-ті 5–6 миллиард долларға салуға ұсыныс білдірген. Бұл әлдеқайда арзан. Оның үстіне, олар құрылысын тезірек бітіруге уәде берді. Қытай атом энергетикасы саласында жақында әлемдік көшбасшыға айналды — АҚШ пен Францияны басып озды. Қазір Қытайда 56 атом реакторы жұмыс істеп тұр, тағы 26 реактор салынып жатыр. Осылайша Қытай осы салада әлемдік нарыққа шығуға мүдделі. Бұл жерде мәселе тек экономикада емес, геосаяси мәні де зор. Өйткені кез келген АЭС құрылысы – бұл геосаяси жоба. АЭС салып берген ел ұзақ жылдарға сол елдегі процестерге ықпал ете бастайды: техникалық қызмет, кеңес беру, реактор — бәрі сол елдің технологиясына тәуелді болады, — дейді сарапшы Қазақстанның Қытайға тәуелділігі күшейе түсетінін айтып.

Досым Сәтпаев АЭС станцияларын Қытай мен Ресей секілді елдерге үлестіріп беру Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігіне, сол арқылы ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіретінін айтады. Оның сөзінше, бұл Қазақстанды энергетикалық қауіпсіздіктен айырады.

— Біз әскери іс-қимылдар басталғанда не болатынын көріп жүрміз. Агрессор елдің алғашқы әрекеті – энергетикалық нысандарға соққы жасау немесе оны "тұншықтыру", яғни газ, электр қуаты, энергия жеткізу жолдарын жабады. Сол себепті бұл тұрғыда Қазақстан өз энергетикалық тәуелсіздігін екі ірі ойыншыға тапсырып жатыр деуге болады. Бұл болашақ үшін көреген шешім демес едім. Әрине, қазіргі билік бұл жобалар Қазақстан үшін экономикалық жағынан тиімді болады деп мәлімдейді, "бюджеттен ешқандай қаржы шықпайды, есесіне өндірілетін энергияның бір бөлігі экспортталады" деген сияқты уәж айтылады. Бірақ егер Қазақстаннан өзге елдерге энергия экспорттау туралы айтсақ, мұны Ресей мен Қытайды араластырмай-ақ істеуге болар еді. Мұны 30 жыл ішінде жасауға болар еді. Өйткені бізде ресурс жеткілікті, — дейді Сәтпаев.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG