Қазақстандық Кирилл Нысанбаев 2023 жылы күзде Ресейге жұмысқа кеткен. Рудный қаласының тұрғыны үшін бұл қайтпас сапар болды.
Екі жылға жетер-жетпес уақыт өткенде оның қаза тапқаны мәлім болып, туыстары марқұмды амалсыз бөтен елде жерлеген. 21 жастағы Нысанбаевқа снаряд жарықшағы тиіп, қатты қансырап көз жұмған. Ол Украинаның Донецк облысында мерт болған.
"Бауырыңыз қаза тапты"
Кирилл нәпақа іздеп шетелге кеткен алғашқы апталарда елең еткізер ешнәрсе байқалмаған. Қазақстанның солтүстік өңірлерінен шыққан жастар Ресейге жұмыс іздеп жиі барады. Әскери борышын өтеп келгеннен кейін туған қаласы Рудныйда өзіне лайық жұмыс таппаған Нысанбаев туыстарына Екатеринбургтегі бір өндіріс орнына жұмысқа тұрғанын айтқан. Кейін Челябіге ауысқанын хабарлаған. Оның сыңары Кәмила Нысанбаеваның сөзінше, бауыры ақша жинап, Қостанайдағы оқу ақысын төлемек болған. Сөйтіп диплом алған соң өз елінде қызмет етпек ойы болған.
Алаң туғызған алғашқы хабарды Кирилдің өзі айтқан. Оны көші-қон ережесін бұзды деп шетелдіктерді уақытша ұстау орталығына қамап қойған. Кәмиланың сөзінше, кейінірек Кирилді ұстау мерзімі ұзартылып, оған қарақшылық жасады деген күдікті адамға ұқсайтыны айтылған.
– Оны қарақшылық ісі бойынша ұстап отырған. Ол маған хат жазып, оны ұрып-cоғатынын, келісімшартқа қол қоюға мәжбүрлеп жатқанын айтты. Ақыры сол келісімшартқа қол қойып тынды, – деді Кәмила Нысанбаева. – Оған ешқандай қиындық болмайды, жаттығуға ғана қатысасың деген. Бірақ сөйтіп майдан шебіне жіберген.
Кирилл сыңарына аракідік хабарласып тұрыпты. Бірақ өзі байланысқа шықпай қалса хабарласуға болатын адамның мәліметтерін бермеген.
Соңғы рет Кирилл Кәмилаға 2025 жылғы 2 наурызда Telegram мессенджерімен хат жазған. Содан кейін одан хабар болмаған.
Кәмила Нысанбаева бауырын іздеуге кіріскен. Ол украин тұтқынына түскендер тізімін, тұтқын алмасу тізімін қараған. Сондай-ақ, Ресей әскерінде қызмет ете жүріп тұтқынға түскен, жоғалған, қаза тапқан адамдар туралы ақпарат ұсынатын "Хочу найти" жобасына да жүгінген. Украина президенті Владимир Зеленскийге ашық хат та жазған. Ресейдің Қазақстандағы елшілігінен көмек сұраған. Бірақ бұл әрекеттерінен ешбір нәтиже шықпаған.
Түрлі форумдар мен топтарда өз жағдайын айтып жүрген Кәмила бір жолы алаяқтардың шырмауына түсе жаздапты.
– Сәуір айында бір топта отырғанымда маған бір әйел: "Ағаңызды іздеп жүргеніңізді байқадым. Міне, менің күйеуімді тапқан адамның нөмірі. Жақында ғана жерледім" деп жазды. Мен ол адамға хабарластым. Ол [Кирилдің] тегі мен әкесінің атын сұрады, бірдеңе анықталса, хабарлайтынын айтты. Кейінірек Кирилдің тұтқында екенін растайтын құжат жіберді. "Ол нағыз азаптау лагерінде отыр, одан гөрі өлгені жақсы" деді. Кирилл бейбіт тұрғындарға оқ атқан деп айыпталып жатыр екен. Соны айтып, оны құтқарып қалудың бір жолы барын, бірақ ол үшін беренді техникаларды жаңартуға ақша керек екенін жеткізді. Қажет соманы да атады – шамамен екі мың доллар. Мен ештеңе жібермедім, өзім іздейтінімді айттым, – деп еске алды Кәмила.
Ресей баспасөз құралдары соғысқа аттанып, хабарсыз кеткен, тұтқынға түскен азаматтар туралы ақпарат береміз деп ақша сұрайтын алаяқтар туралы жиі жазып жүр.
Кәмилаға алаяқтар хабарласқан кезде Кирилл тірі болмаған. Оның опат болғанын Кәмила маусымның аяғында бір-ақ білген. Оған Ресейдің белгісіз бір нөмірінен біреу қоңырау шалған.
– Қайта қоңырау шалып едім, бір адам: "Сіз әпкесісіз бе?" деп сұрады. "Иә" дедім. "Бауырыңыз қаза тапты" деді. Пенза облысындағы әскери комиссариаттан хабарласқан екен. Байланысатын адамдардың нөмірін берді, – деді Камила. – Ол кезде мен Қостанайдағы колледжде емтихан тапсырып отырғанмын. Сол күні бірден анама қоңырау шалып, оған қолдау білдіру үшін Рудныйдағы үйімізге бардым.
"Сол жақта жерлеп, суретке түсіріп алыңдар"
Кирилдің сүйегі бірнеше ай бойы Пензадағы мәйітханада жатқан. Ол жерге оны Дондағы Ростов қаласынан апарған екен. Туыстары Кирилдің сүйегін Қазақстанға алып кетпекші болған. Бірақ кейін Ресейде жерлеуге тоқтаған.
– Рудныйдағы полициядан хабарласып, бөлімшеге келуімді сұрады. Бардым, олар Кирилді бұл жаққа мүлде әкелудің қажеті жоқ деді. Іс 170 және 172-баптар бойынша қозғалған-мыс (Қазақстан қылмыстық кодексіндегі "Жалдамалылық" және "Шетелдік қарулы қақтығысқа қатысу" баптары – ред.). Егер сүйегін әкелсеңіздер, іс қозғалуы мүмкін, марқұмға қатысты тергеу басталады, бұл бір жылға немесе одан да ұзаққа созылады, бүкіл отбасы тексеріледі деді. "Сол жақта жерлеңдер, бізге тек сурет жіберіп, жерленгенін дәлелдесеңіздер болды, жасырын түрде әкелмегендеріңізге көз жеткіземіз" деп айтты, – деді Кәмила.
Кәмила анасы екеуі Кирилдің сүйегін Қазақстан шекарасынан 150 шақырым жердегі Челябіге жеткізіп беруді сұраған. Кирилді соғысқа осы қаладан алып кеткен. Сөйтіп 15 шілде күні Кәмила анасымен бірге Ресейге аттанған.
– Қала үлкен, ештеңе түсінбейсің. Бізге біреу әскери комиссариаттың мекенжайын айтты. Такси шақырып, сол жақтағы тәртіп бойынша рұқсат қағазын алдық. Басшысы [Анатолий] Лабутинге кірдік, бізбен сөйлесті. Сол күні кеш келдік, жолға 7 сағат кетті. Ол бізге келесі күні келуіміз керек екенін, қайтыс болғаны туралы куәлік, анықтама дайындап қоятынын, жанында болған заттарды беретінін айтты, – деді Кәмила.
Әскери комиссариат жерлеу бюроларының қайсысына жүгіну керегі жөнінде ұсыныс айтқан. Кәмила анасы екеуі қажет суретті, гүл шоғын және айқышты дайындап, 17 шілде күні қатардағы сарбаз Кирилл Нысанбаевты Челябіде христиан дәстүрі бойынша жерлеген. Кирилл бұған дейін ешбір дінді ұстанбаған. Бірақ сол жақтағы құзырлы органдар ол майданға аттанар алдында православие дінін қабылдағанын айтқан.
Құжат бойынша, Кирилл Нысанбаев 7 наурызда қайтыс болған. Сол жақтағы әскери қызметкерлердің Нысанбаевтарға айтуынша, отбасына: украин дроны ресейлік барлау бөлімшесінің позициясын анықтап, жарылғыш зат тастаған болуы мүмкін. Соның жарықшақтары Кирилдің арқасына, кеудесіне және ішіне тиген. Салдарынан ол қатты қансырап, көз жұмған.
– Мәйітті қарап-тексермедік. Мырыш табытта болды. Өйткені мәйіт наурыздан бері жатып қалған... Табытты көргенде катафалк көлігіне мініп бірге барғымыз келген. Бірақ бүлінген мәйіттің иісінен анам екеуіміз ол жерде отыра алмадық. Кирилдің бізге берілген заттарынан да сондай иіс шығып тұрды, – деді Кәмила. – Бізге тану актісін берді. Оны әскери басшылық таныған. Жанында Қазақстан азаматының жеке куәлігі, банк картасы, суреттері болған.
Челябіге барып-келу, жерлеу шығындарын Нысанбаевтар толықтай өз қалтасынан төлеген.
"Жалдамалы сарбаз саны бойынша Қазақстан 4-орында"
Ресей жағында Украинадағы соғысқа қанша қазақстандық қатысып жатқаны әлі күнге дейін нақты белгісіз. Қазақстан азаматтарының соғыс аймағына кетіп жатқаны жөніндегі ақпарат соғыс басталған алғашқы жылдан бері тарап келеді. Кейбірі соғысқа өз еркімен барған, себебі олар ресейлік үгіт-насихаттың ықпалына түсіп, "Киевтегі неонацистермен күресіп жатырмыз" дегенге сенген.
Кейбірі Ресей қорғаныс министрлігі уәде еткен қомақты ақшаға қызыққан. Тағы бірі Ресей түрмесінде отырған жерінен соғысқа бару шартымен босатылған. Ресейге жұмыс істеуге немесе демалуға барып, әртүрлі себептермен ұсталып, мәжбүрлі түрде келісімшартқа қол қойғандар да бар.
Соғыстың төртінші жылында ресейлік әскерге жалданған қазақстандықтар легі әлі де тоқтар емес. Жақында Украинадағы әскери тұтқындар мәселелері жөніндегі үйлестіру штабының "Хочу жить" мемлекеттік жобасы 2025 жылдың басынан бері Ресеймен әскери келісімшартқа отырған 500-ден астам Қазақстан азаматының тізімін жариялады. Ең үлкені 60 жаста, кішісі 18-де.
Мұндай тізімнің алғашқысын "Хочу жить" жобасы сәуірде жариялаған. Ол кезде тізімде 661 адамның аты-жөні болған еді. Украиналықтар бұл тізімдегі кемі 78 адам қаза тапқан деді.
Тізім жарияланғаннан кейін Қазақстан ішкі істер вице-министрі Игорь Лепеха оның нақтылығына күмән келтірді. Алайда үш аптадан соң Украинадағы қазақстандық дипломаттар – консул Бауыржан Бегәлімов пен уақытша сенімді өкіл Ермек Катренов үйлестіру штабы өкілдерімен кездескен.
"Кездесу барысында Қазақстанның Украинадағы елшілігінің өкілдері Қазақстан тарапының Украина құзырлы органдарымен азаматтарымыздың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бойынша конструктивті диалог пен ынтымақтастыққа ашық екенін растады. Қазақстан құқық қорғау органдары шет мемлекеттер аумағындағы қарулы қақтығыстарға жалдамалы ретінде қатысу фактілерінің алдын алуға бағытталған шаралар қабылдап жатқаны жөнінде Украина тарабына мәлімет берілді", – деді Қазақстан сыртқы істер министрлігі Азаттық Азия редакциясына.
Украиналық "Хочу жить" жобасы Қазақстан азаматтарын соғысқа тартудың ауқымы ұлғайып жатқанын айтады.
– Жалдамалы сарбаз саны бойынша Қазақстан Өзбекстан, Тәжікстан және Беларусьтен кейінгі төртінші орында тұр. Ресей жалдауды тоқтатпай, керісінше күшейтіп жатыр. Біз 2025 жылдың алғашқы алты айында Ресей қарулы күштерімен келісімшарт жасаған кемінде 529 Қазақстан азаматының аты-жөнін анықтадық. Салыстыру үшін айтайық: 2024 жылы бізде 458 келісімшарт туралы ақпарат болған, – деді "Хочу жить" жобасының өкілі Виталий Матвиенко.
Жоба өкілдері Ресейдің сарбаз жалдау науқанына қарсы күресте нақты әрі үйлесімді әрекет қажет дейді.
– Қазақстан билігі өз азаматтарының ел игілігіне жұмыс істеп, Ресейдің отарлық соғысында, елден мыңдаған шақырым жерде құрбан болмауын қалайды деп сенеміз. Олар өз азаматтарына көмектесіп, бөтен соғыста қаза табудан аман алып қала алады деген үміттеміз, – деді Матвиенко. – Тиімді қарсы әрекет жүйелі және теңгерімді болуға тиіс. Жағымды мысал ретінде Үндістанды атап өтуге болады. 2024 жылы Ресей Үндістан азаматтарын соғысқа белсенді түрде тартты. Алайда сол жылы жазда Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди Путинге ультиматум қойып, әскерге жалданған үнділердің барлығын дереу босатып, елге қайтаруды және жалдауды тоқтатуды талап етті. Ресей "күш тілін" жақсы түсінеді, сол себепті бұл талап орындалды. 2024 жылдың қыркүйегінде Үндістан СІМ алғашқы 45 азаматтың елге оралғанын хабарлады. 2025 жылы Үндістан азаматтарының Ресей қарулы күштерімен келісімшартқа отырғаны жайлы жаңа ақпарат тіркелген жоқ.
Қазақстан заңы бойынша, ел азаматтардың шетелдегі соғыстарға қатысуы қылмыс болып саналады. Қазақастанның қылмыстық кодексінде "Жалдамалылық" және "Шетелдік қарулы қақтығыстарға қатысу" дейтін екі бап бар.
Қазақстанның құқықтық статистика порталындағы мәліметке сәйкес, 2025 жылдың маусым айындағы жағдай бойынша, елде "Шетелдік қарулы қақтығыстарға қатысу" бабымен – 76, ал "Жалдамалылық" бабы бойынша 4 қылмыстық іс тергеліп жатыр. Бір жыл бұрын, 2024 жылғы маусымда, бұл баптар бойынша тиісінше 14 және 2 іс тергеліп жатқан. Мұндай істер бір жылда күрт өскені байқалады, алайда бұл көрсеткіш соғысқа кеткендердің нақты санын көрсетуі екіталай.
"Хочу жить" жобасының екі тізімдегі деректерін қосқанда, Ресей жағында соғысқа аттанған Қазақстан азаматтарының саны 1190 адамға жетеді. Іс жүзінде олардың саны бұдан да көп болуы ықтимал.
"Ажалға айдау"
2024 жылы мамырда өткен Петербург заң форумында Ресей Тергеу комитетінің басшысы Александр Бастрыкин елде 80 мың азаматтың әскери есепке алынғанын айтты. Соның 20 мыңы – Өзбекстан, Тәжікстан мен Қырғызстаннан Ресейге көшіп барғандар екен.
– Бұл азаматтар не әскери комиссариатқа, не соғысқа барғысы келмейді. Алайда біз оларды тіркедік, қазір 20 мыңы алдыңғы шепте жүр, – деген Бастрыкиннің сөзін берді ресейлік БАҚ.
Бұдан бөлек майданда Ресей азаматтығын алмаған мыңдаған мигрант бар. Олардың көбін соғысқа мәжбүрлеп жіберген. Құқық қорғаушылардың мәліметінше, ресейлік полицейлер мигранттарды көшеден ұстап, бөлімшеге жеткізеді де, түрмеге қамаласың не депортациялаймыз деп қорқытып, келісімшартқа қол қоюға мәжбүрлейді.
– 2022 жылғы қыркүйек-қазан айларында [полиция] мигранттарды көшеден ұстап әкетіп, ұрып-соқты, электр шокермен азаптады, бірнеше сағат бойы терезе торына кісендеп, ас-сусыз жертөледе қамап ұстады. Бұл азаптан құтылудың жалғыз жолы – келісімшартқа қол қою болды, – деді орталықазиялық мигранттарға құқықтық көмек көрсететін "Тонг Жахони" ұйымының жетекшісі Валентина Чупик. – Сол 2022 жылғы қыркүйек-қазан айларында көші-қон орталықтары көші-қон мәртебесі туралы құжаттары арасына әскери қызметке ерікті түрде жазылу жайлы ұсақ қаріппен жазылған екі беттік құжат қыстырып, құжаттарды оқуға мұрша бермей 30-40 секунд ішінде қол қойдырған.
Кейінірек Ресей әскерінің өкілдері түрмелер мен тергеу изоляторларына көз тіккен.
– 2023 жылдың қаңтар-ақпан айларында бірқатар колонияға сырты әскери түске боялған автозактар барып, нәсілі славян еместерді азаматтығына қарамастан майдан шебіне алып кеткен. Қол қоюға мәжбүрлемеген, азаптамаған да. Ал сәуір-шілде аралығында депортация мекемелерінде мигранттарды ұрып-соққан, депортациядан босатуға уәде беріп қызықтырған немесе құжаттарға оқытпай қол қойғызған. Мамыр-шілде айларында мәртебе рәсімдеуге келгендерге әскери комиссариаттан анықтама алып келу қажетін айтып, ал әскери комиссариатқа барғанда соққыға жығып, соғысқа жіберген немесе соғысқа ұрмай-соқпай бірден аттандырған, – деді Чупик Азаттық Азия редакциясына берген сұхбатында.
Қазір Ресейде кез келген мәртебені рәсімдеу кезінде (уақытша тұруға рұқсат, еңбек патентін немесе ықтиярхат алу) немесе ұстау жағдайында мигранттарға "Ресей азаматтығын әскери жолмен жеңілдетілген тәртіппен алу мүмкіндігі туралы" хабарламаға қол қойғызады.
Киевтің мәліметінше, Ресей армиясы Орталық Азия азаматтарын көбіне жаяу әскер қатарына алады. Кейін оларды шабуылға айдайды. Сол себепті Мәскеу әскерге адам жалдауды жосықсыз түрде жүргізіп отыр. Олардың мақсаты – өлімге айдайтын күш жинау.
– Заңсыз жалдау – Орталық Азия елдерінің ішкі істеріне араласу ғана емес, адам капиталына жасалған шабуыл. Ресей өзге мемлекеттің азаматтарын өз әскеріндегі адам күшін толтыру үшін арзан ресурс ретінде пайдаланып, оларды ажалға айдап отыр, – деді "Хочу жить" жобасы.
– Бұл азаматтар өз елінің болашағына үлес қосып, бала өсіріп, экономикасын дамытудың орнына Ресей бастаған соғыста қырылып жатыр, – деді жобаның өкілі Виталий Матвиенко.
Кәмила Нысанбаева сыңарының қазасы өзгелерге сабақ болса екен деп үміттенеді.
– Жұмыс іздесеңіз, қайда барсаңыз да барыңыз, бірақ Ресейге бармаңыз. Ол жақта кім екеніңізді, қайдан келгеніңізді сұрамайды. Көп қазақстандық өз еркімен барады, сосын неге бұлай болды деп налиды. Менікі тек ескерту, ал таңдау жасау – әркімнің өз еркінде, – дейді ол.
ПІКІРЛЕР