31 шілде күні Алматы қаласының әкімшілік соты "жалған ақпарат таратты" деп айыпталған "Ар.Рух.Хақ" қоғамдық қорының жетекшісі, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаға 78 мың теңге (20 айлық есептік көрсеткіш, шамамен 144 доллар) көлемінде айыппұл салды. Құқық қорғаушы тағылған айыптармен келіскен жоқ.
Әкімшілік іске құқық қорғаушының түрмеде аштық жариялаған саяси белсенді, марафоншы Марат Жыланбаевтың денсаулығы нашарлап кеткені жайлы жақында әлеуметтік желіде жазған посты себеп болған. Ол жазбада Төреғожина Жыланбаевты "терісінің түсі өзгерген, есінен танып қала жаздайды", салмағы 45 келіге дейін кеміп кеткен деп сипаттаған. Алайда бұл ақпаратты кейін Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) теріске шығарған. Бірақ Жыланбаевтың салмағы туралы нақты дерек келтірмеді.
Your browser doesn’t support HTML5
Сот Жыланбаевтың денсаулығы туралы жазған құқық қорғаушыға айыппұл салды
Бейсенбі күні сотта қорғау жағы әкімшілік істі қозғауға түрткі болған хаттама дұрыс толтырылмағанын, материалдар болжамға негізделгендіктен сотта дәлел ретінде қолданылмауға тиіс екенін айтты. Бұған қоса, хаттаманы толтыру кезінде полиция инспекторы тарапынан қысым болғанын да жеткізді.
Ал рапортты толтырған Алмалы аудандық полициясының учаскелік инспекторы Мұхит Тойбаев сот кезінде Төреғожинаның жазбасы “фактіге негізделмегенін”, “қылмыстық-атқару жүйесінің беделіне нұқсан” келтіретінін айтты.
"Власть" басылымының жазуынша, “Төреғожина жалған ақпарат таратты” деп рапорт толтырған инспектор Мұхит Тойбаев сол кезде Марат Жыланбаевтың денсаулығынан мүлде хабарсыз болғаны сотта анықталды.
Төреғожина өтініш беріп, Марат Жыланбаевтың өзін сот процесіне қатыстыруды, осылайша белсендіге барлық сұраққа өзі жауап беру мүмкіндігін беруді сұрады. Бірақ судья өтінішті қанағаттандырмады.
Құқық қорғаушының сөзінше, 18 шілдеде Жыланбаевқа адвокаты кіріп шыққан. Белсенді сол кезде қайта аштықты бастаған. Оның алдында шамамен 40 күн аштық ұстаған. Аштығы аяқталғаннан кейін Жыланбаев іші өтіп жатқандықтан өзіне бір апта жеке бөлме беруді сұраған. Бірақ түрме әкімшілігі оның өтінішін орындамай, дәретхана жоқ бөлімге ауыстырған. Осылайша белсенді аштық жариялауға мәжбүр болған.
Бейсенбі күні тараптар өз позициясын айтқаннан кейін судья Бибігүл Шамшаева кеңесу бөлмесіне бармай-ақ сол жерде шешімді оқып, Бақытжан Төреғожинаны "жалған ақпарат тарату" бабымен кінәлі деп танып, 78 мың теңге көлемінде айыппұл салды.
Төреғожина сот шешімімен келіспеді. Оны қолдау үшін сотқа белсенділер, тұрғындар жиналды.
Түрмедегі белсендінің денсаулығына қоғам белсенділері алаңдап, дабыл қаққан шақта 29 шілдеде Жыланбаевтың суреттері жарияланды. Бірақ онда ол қырынан және арқа жағынан ғана түсірілген, видео жоқ. Кейбір қолданушылар қырынан және арқасынан түсірілген суреттерден адамның жағдайын бағалау мүмкін емес екенін айтып, Жыланбаевтың видеосын жариялауды және оған тәуелсіз құқық қорғаушыларды кіргізуді талап еткен. ҚАЖК бұл талапқа реакция білдірген жоқ.
61 жастағы Марат Жыланбаев – Гиннестің рекордтар кітабына енген жеті рекордтың иегері атанған ультрамарафоншы ретінде көпке танылған. Ол тіркелмеген оппозициялық "Алға, Қазақстан!" партиясының бастамашыл тобының жетекшісі болған. 2023 жылдың көктемінде белсенді қамауға алынып, оның ісін жабық қараған Астана соты сол жылы қарашада Марат Жыланбаевты "экстремистік ұйым ісіне араласты" және "экстремизмді қаржыландырды" деген айып бойынша жеті жылға бостандығынан айырған.
Соттың ұйғарымы бойынша Жыланбаев: "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы экстремистік ұйым деп танылғанын біле тұра Астана қаласы аумағында "ҚДТ" ұйымының қызметіне белсенді түрде араласып, Мұхтар Әблязов ұйымдастырған заңсыз митингілерге қатысқан. Сонымен қатар, Әблязов пен және оның шетелдегі штабымен байланыс орнатып, олардың Конституциялық құрылымды күштеп өзгертуді көздейтін тапсырмаларын орындаған. 2021 жылы Жыланбаев М.Т. қоғамға қауіпті салдарды түсіне отырып, Әблязовтың тапсырмасын орындап, Астана қаласындағы Республика даңғылында орналасқан ашаршылық құрбандарына арналған ескерткішке келіп, "ҚДТ" ұйымының қызметін насихаттаған. 2022-2023 жылдары Жыланбаев М.Т. "ҚДТ" қызметінің экстремистік сипатын біле тұра, басқа адамдармен сөз байласып, оған ақпараттық, қаржылық және өзге де көмек көрсеткен. Әлеуметтік желіде ұйымды қаржыландыруға және оған қосылуға шақырған". Сот оны қоғамнан оқшаулап қана түзетуге болады деген ұйғарымға келген.
Жыланбаев пен оның жақтастары тағылған айыптарды саяси астары бар деп жоққа шығарды.
2018 жылы Қазақстан соты ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Ал Еуропарламент 2019 жылы наурызда қабылдаған қарарында ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған.
Қазақстандық құқық қорғаушылар биліктің саясатын қатты сынайтын Марат Жыланбаевты "саяси тұтқындар" тізіміне қосқан. Ресми Астана елде саяси тұтқын жоқ, ешкім саяси ой-пікіріне бола қудаланбайды дейді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Марат Жыланбаев жайлы қоғам өкілдерінің дабылы омбудсменге "хайп" болып көрінді