Ұлттық банк валюта интервенциясын жүргізуге кірісті. Кейбір пунктерде доллар 550 теңгеден сатыла бастады

30 шілде күнгі сауда барысында бір доллар бағамы 550 теңгеге жетіп, ай басынан бері – 5,8%, жыл басынан бері 4,7% әлсіреді. Бұл жөнінде 30 шілдеде Ұлттық банктің баспасөз қызметі хабарлады.

"Валюта нарығындағы өтімділіктің өте төмен болуына және алыпсатарлық қысымның күшею белгілеріне байланысты Ұлттық банк валюта интервенциясын жүргізуге кірісті" деп жазылған хабарламада.

Ұлттық банктің айтуынша, десе де негізгі экономикалық ахуал "қолайлы" күйінде қалып отыр: халықаралық нарықта "мұнайдың бір баррелі 70 АҚШ доллардан сатылып жатыр, АҚШ долларының жаһандық әлсіреу үрдісі сақталып отыр".

"Осыған байланысты теңгенің қазіргі әлсіреуі іргелі факторларды көрсетпейді және ұлттық валютаның жеткіліксіз бағаланғанын білдіреді" деп жазылған банктің ресми хабарламасында.

Kurs.kz сайтындағы мәлімет бойынша, 30 шілдеде Қазақстанның ірі қалаларында бір доллар негізінен 545-549 аралығында сатылып жатты. Кейбір пунктерде 550 теңгеге де жеткен.

Өткен аптада Ұлттық банк жетекшісі Тимур Сүлейменов қаржы нарығындағы валюта бағамына сұраныс пен ұсыныс әсер еткен деп түсіндірген.

"Қазір бағамға негізгі қысымды нарық факторлары: бюджет қаражатының белсенді игерілуі, импортты көбірек сатып алу, оған қоса маусымдық дивидендтер төлеу мен туристер сұранысы қалыптастырып отыр. Алыпсатарлар белсенділігін байқамадық – жағдай тұрақты және оны бақылап отырмыз", – деп жазды Сүлейменов Facebook желісінде.

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының (ҚҚҚ) мамандары теңгенің әлсіреуін макроэкономикалық негіздермен түсіндіру қиын дейді. Сарапшылардың пікірінше, жеке тұлғалар да, нарық ойыншылары да доллар бағасы өсіп кетеді деген болжаммен валюта сатып алуға асықты. Соның нәтижесінде сұраныс ұсыныстан артып, доллар бағамы шарықтап шыға келді деп түсіндіреді олар.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Теңге бағамы түсіп барады, ары қарай не болмақ?