"Хочу жить" жобасы: Жыл басынан бері 902 өзбек азаматы Ресей қорғаныс министрлігімен келісімшарт жасасқан

2025 жылдан бері кемінде 902 өзбек азаматы Ресей қорғаныс министрлігімен келісімшарт жасасқан. Бұл жөнінде Украинаның әскери тұтқындармен қатынас мәселелері жөніндегі үйлестіру штабының "Хочу жить" мемлекеттік жобасы хабарлады.

30 шілдеде жоба Мәскеу соғысқа тартқан өзбек азаматтарының тізімін жариялады. Ондағы тізімге ілінгендердің ең үлкені – 63-те, ең кішісі – 18 жаста.

"Ресей соғысқа тарту үшін бұрынғы әдістерін қолданады. Ресейге еңбек мигранты ретінде барған Өзбекстан азаматтарына "жоғары жалақы төленетін – мысалы, құрылыс немесе әскердің тыл бөлімдерінен жұмыс ұсынады. Ресей азаматтығын уәде етеді. Ресей түрмелерінде жазасын өтеп жатқандарды қорқытып, психологиялық қысым көрсету арқылы соғысқа тартады" деп жазды жоба өкілдері.

Жоба өкілдерінің айтуынша, Ресей тергеу комитетінің жетекшісі Александр Бастрыкиннің өзі жуырда елде 5 мыңнан астам рейд жүргізіліп, соның барысында 90 мыңнан астам адам "аулағанғанын" айтып мақтанған. 30 мыңы келісімшартқа қол қойып, соғысқа жіберілген.

"Ауладық" деген сөз – бұл Орталық Азиядан барған мигранттарға қатысты пікірін көрсететін, тергеу комитеті жетекшісінің қолданған сөз айшығы деді жоба өкілдері.

Жоба өкілдерінің айтуынша, Ресей әскері қатарында соғысып, Украинада тұтқынға түскен шетел азаматтарының арасында өзбек азаматтары бірінші орында тұр.

Ресей әскеріне қосылған өзбек азаматтарының тізімін "Хочу жить" сәуірде жариялаған еді. Онда 1110 адамның аты-жөні бар.

Бұдан кейін Тащкент өз азаматтарының соғысқа қатысқаны туралы ақпаратты тексеріп, әскерге жалданған азаматтарын қылмыстық жауапкершілікпен қудалауды күшейткен, бірақ Ресей соған қарамастан соғысқа көптеп тартып жатыр деп жазды жоба өкілдері.

Өткен аптада украиналық жоба 2025 жылдан бері Ресеймен әскери келісімшарт жасасқан 500-ден астам Қазақстан азаматының тізімін жариялаған. Биыл көктемде жария еткен тізімде 661 қазақстандықтың аты-жөні көрсетілген еді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Сүйегін елге әкелмеңдер". Қазақстан азаматтары Украинадағы соғыста қалай қаза тауып жатыр?