Батыстың 15 елі Палестина мемлекетін мойындауға шақырды

Франция президенті Эммануэль Макрон және Палестина автономиясының жетекшісі Махмуд Аббас

Франция бастаған Батыстың 15 елі Палестина мемлекетін мойындау туралы үндеу жазылған ортақ мәлімдеме таратты.

Газадағы қақтығыс мәселесіне арналған Нью-Йорктегі конференциядан кейін 15 елдің сыртқы істер министрлері мәлімдемеге қол қойды. Оның мәтінін Франция сыртқы істер министрі Жан-Ноэль Барро жариялады.

Өткен аптада Франция Батыстың ірі державаларының арасында алғаш рет – қыркүйек айында Палестина мемлекетін мойындайтынын мәлімдеген. Оның бұл мәлімдемесін Израиль мен АҚШ сынағанмен бірқатар ел қолдаған. Жуырда Палестина мемлекетін мойындау мүмкіндігі мәселесін Ұлыбритания да айта бастады.

Ортақ мәлімдемеге Франция, Финляндия, Ирландия, Испания, Португалия, Люксембург, Словения, Мальта, Андорра, Сан-Марино, Норвегия, Исландия, Австралия, Канада және Жаңа Зеландия қол қойған. Онда мәлімдеме иелері (АҚШ пен Еуроодақ террористік ұйым деп таныған) ХАМАС радикалды тобының 2023 жылы 7 қазан күнгі шабуылын айыптап, тұтқындағы азаматтарды босатуға шақырған. Бір мезетте Израиль ХАМАС-қа қарсы операциясын жалғастырып жатқан Газадағы ауыр гуманитарлық дағдарысты атап өтіп, атысты тоқтатуға үндеген. Олар сонымен бірге Газа секторының болашақ "моделін" әзірлеуге атсалысуға әзір екенін де айтқан. Оған Газаны қалпына келтіру, ХАМАС-ты қарусыздандыру, оны Газаны бақылаудан шеттету сияқты қадамдар да кіреді. Олар сонымен бірге Палестина автономиясы билігі сайлау өткізу, Палестина мемлекетін демилитаризациялау сияқты бірқатар міндеттемелерді мойнына алуы керектігін де айтқан.

Министрлер Палестина мемлекетін мойындағанын немесе мойындауға дайын екенін айтып, өзге елдерді өздеріне қосылуға шақырған.

Бұған дейін Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер егер Израиль қыркүйекке дейін атысты тоқтатпаса, Палестина мемлекетін мойындауға дайын екенін мәлімдеген. Лондон және өзге елдердің ұстанымының өзгеруіне Газадағы ауыр ахуал жайлы хабарламалар түрткі болған. БҰҰ және халықаралық гуманитарлық ұйымдар Газаны аштық жайлағанын айтқан. Аумаққа гуманитарлық көмек жетпегеніне Израильді айыптаушылар көп, ал ол оны жоққа шығарып, жауапкершілікті ХАМАС-қа артқан.

  • БҰҰ қарарына сәйкес, Палестина аумағында еврей және араб мемлекеттері құрылуы керек. Израиль мемлекеті 1948 жылы құрылған. Ол кезде Палестина мемлекеті құрылмағандықтан оның аумағы әуел баста Египет пен Иордания бақылауында болды, кейін Израильге көшті. Ізінше Палестина автономиясы құрылды. Оның билігі Палестина мемлекетінің тәуелсіздігін халықаралық қауымдастық мойындағанына күш салып жатыр. Қазір оны БҰҰ-ға мүше шамамен 150 мемлекет мойындаған. АҚШ пен Израиль қазіргі кезде оны мойындаудан бас тартты.
  • БҰҰ қарарына сәйкес, мемлекет аумағы Иордан өзенінің Батыс жағалауы мен Газа секторы, Шығыс Иерусалимнен құралуы керек. Алайда осы аумақтың басым бөлігін бақылауда ұстап отырған Израиль бұл шекарамен келіспейді. Газа секторын ішінара Израильмен соғысып жатқан ХАМАС тобы бақылайды.