Алматыда студент оқу орны ғимаратының 14-қабатынан құлап, қаза болды

Алматыда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті ректорат ғимаратының 14-қабатынан құлап, қаза болды. Полиция оқиғаны растап, алдын ала мәлімет бойынша бұған “отбасындағы жағдай” себеп болғанын хабарлады.

“Аталған фактіге байланысты Бостандық аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Оқиғаның себебі мен жай-жапсары анықталып жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, оған отбасылық жағдай түрткі болған. Азаматтарды жалған ақпаратты таратпауға және тек ресми деректерді басшылыққа алуға шақырамыз” деп жазылған Алматы полициясының баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Orda сайтының жазуынша, оқиға 30 шілдеде болған. Сайттың жазуынша, университет әкімшілігі "қызметкерлердің телефонында оқиға туралы фото немесе видео бар-жоғын тексерген". Желіде соған қатысты бірқатар скриншот та таралды.

31 шілдеде Азаттық оқу орнының баспасөз қызметінің бірнеше өкіліне хабарласқанмен жауап ала алмады. Orda сайтының жазуынша, студент бірінші курста оқыған.