Роман Скляр: Қазақстанда үшінші АЭС-ті Қытай салады

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр үкімет брифингі кезінде.

Қазақстандағы үшінші атом электр станциясын Қытай салады. 31 шілдеде Азаттық тілшісінің сұрағына жауап берген премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр осылай деп мәлімдеді.

Үшінші АЭС-ті Қытай салады. Қазір атом энергиясы жөніндегі агенттік пен “Атом электр станциялары” компаниясындағы әріптестеріміз оның орнын қарастырып жатыр. Міндетті түрде осы станцияға жақын сумен жабдықтау құрылғысы болуы керек, аймаққа электр энергиясын жеткізу жағы анықталуы керек. Олар осы жұмысты атқарып жатыр, бірақ алдағы уақытта аяқталады. Келесі жылы осы станциялардың орналасатын орны жарияланады деп ойлаймын” деді Скляр.

Қазақстан қоғамында алғашқы атом станциясы құрылысына қатысты сұрақтарға толық жауап берілмей жатқан тұста билік екінші және үшінші атом станциясы туралы да айта бастаған еді.

Бұған дейін алғашқы станцияны ресейлік “Росатом” салып беретіні белгілі болған. Қазақстанға атом станциясын салып беретін компаниялар арасына Қытайдың China National Nuclear Corporation (CNNC) да аталған.

Биыл ақпанда Қазақстан үкіметі елдегі алғашқы атом электр станциясын салатын орынды ресми түрде бекітті – ол Алматы облысы Жамбыл ауданында, Балқаш көлінің жағасындағы Үлкен ауылының маңында тұрғызылмақ.

Алайда кей эколог Қазақстанда АЭС салуға қарсы. Олар атом станциясы Балқаш көліне кері әсер етуі мүмкін дейді. Қоғам белсенділері мен саясаттанушылар да АЭС-ті Ресей салатын болса, Қазақстан оған энергия және саяси жағынан тәуелді болып қалады деп алаңдайды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

АЭС референдумы қарсаңында ұсталғандар соты: белсенділер жауап бере бастады"Екінші АЭС құрылысына қатысты шешім күзде қабылдануы мүмкін" - СклярҚазақстанға алғашқы атом электр станциясын Ресей салып бермек“Росатом” Қазақстанда алғашқы АЭС салатын халықаралық консорциумның көшбасшысы болып танылдыАЭС-ті "Росатом" салса не болады? Беларусь мысалы